Шығыс Қазақстанда егжей-тегжейлі жол картасы бар денсаулық сақтау саласын цифрландырудың кешенді бағдарламасы әзірленген. Бұған саланы ақпараттандырудың былтырғы көрсеткіштерінің төмендігі себепші болған. Естеріңізге салайық, былтыр облыстағы денсаулық сақтау ұйымдардың 21 пайызы ғана медициналық-ақпараттық жүйелендіруге көшкен болатын.

 

– 2017 жылы денсаулық сақтау басқармасы саланы цифрландыру мәселесінде айтарлықтай жұмыс тындыра алмады. 21 пайыз дегенміз республикадағы ең төмен көрсеткіштердің бірі. Өкінішке қарай, былтыр облыстық бюджеттен бір миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінгеніне қарамастан, өтпей қалған мемлекеттік сатып алулардың кесірінен біз ешқандай техниканы сатып ала алған жоқпыз, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов тұрғындар алдындағы кезекті есеп беру жиынында.

 Осыған байланысты, аймақ басшысы өзінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына егжей-тегжейлі жол картасы бар медицина саласын цифрландырудың кешенді бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Бұған қоса салаға қатысты үш жылдық жоспарды орындау жұмыстарын жалғастыру қажеттігін ескертіп, дәрігерлердің біліктілігін арттыру және медициналық ұйымдарды заманауи техникамен қамту жағына басымдық берілуі керектігін айтты.

Естеріңізге салайық, 2017 жылы облыста денсаулық сақтау саласын дамытудың үш жылдық стартегиялық жоспары әзірленген болатын. Аталған жоспар аясында медицина саласының қызметкерлерін, әсіресе онкология, кардиология, сондай-ақ ана мен бала денсаулығын қорғау мамандарын оқытудың үш деңгейлі бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Былтыр аталмыш мақсатқа 1,2 миллиард теңге бөлінген. Қаржыландыру алдағы екі жылда да жалғасын табатын болады. Былтыр Семей қаласының медициналық университетімен бірлескен жұмыстың нәтижесінде аудандық ауруханалардың 1 922 маманы арнайы курстардан өткен болатын. Отандық және шетелдік (Израиль, Жапония, Грузия, Ресей, Молдова, Украина, Беларусь) мамандардың қатысумен 13 мастер-класс өтіп, оған 200 дәрігер қатысып, біліктіліктерін арттырып қайтқан. Тағы 51 маман Ұлыбританияға оқуға жіберілген.

– Үш жылда мультидисциплинарлық командалардың көмегімен 150 дәрігерімізді шетелдің айтулы клиникаларында оқытатын боламыз, – делінген облыс әкімінің баяндамасында.

Бұған қоса медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңарту бағытында да айтарлықтай жұмыс жүргізілуде. Үш жылдың ішінде облыстық бюджеттен заманауи медициналық құрал-жабдықтар сатып алу мақсатына 23 миллиард теңге бөлінеді.

Былтыр қоғамдық ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының бақылауымен 1 023 бірлік жоғары технологиялық құрал-жабдық сатып алынды. Бұл техника онкология, кардиология, кардиохирургия және ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында жұмыс істейтін медициналық ұйымдарға тапсырылды. Биыл аталмыш мақсатқа тағы 3,8 миллиард теңге бөлінді.

Салаға инновацияларды енгізудің жарқын мысалы ретінде Өскемендегі бірінші қалалық ауруханада денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен елімізде баламасы жоқ роботтандырылған хирургия мен трансплантология орталығының ашылуын келтіруге болады. Аталмыш орталықтың негізгі мақсаты – диагностика мен емдеу үдерісіне инновация енгізу. Жұмыс Алматы және Астана қалаларының ұлттық ғылыми орталықтарының, сондай-ақ Семей медициналық университетінің қатысуымен жүргізілмек. Осының арқасында, орталықта медициналық қызмет, сонымен қатар ғылым мен білім ұштастырылатын болады.

Сонымен қатар алдағы уақытта облыста Қазақстанда баламасы жоқ гематологиялық орталық салынбақ. Аталмыш нысанның құжаттамасы әзірленіп те қойған.

– Халықаралық медицина стандарттарына сай боламыз десек, онда міндетті түрде шетелдік әріптестермен, сала көшбасшыларымен байланысымызды нығайтуымыз қажет. Осы мақсатта заманауи технологиялармен жұмыс істейтін танымал медициналық орталықтармен келісімшарттар жасалатын болады. Бұл өз кезегінде бізде бар құрал-жабдықтардың тиімділігін арттырып қана қоймай, ауруларды емеудің жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеруімізге жол ашпақ, – деді облыс әкімі.

Комментарии (0)