ШҚО әкімі Даниал Ахметов өзінің бір айлық еңбекақысын «Аягөз-Болашақ» қорының есебіне салғанын ШҚО ақпараттық орталығы жазады.

Күні кеше қызыл су басқан Аягөз өңірі халқының жағдайын өз көзімен көріп қайтқан облыс  басшысы  журналистердің қатысуымен брифинг өткізіп, жағдайды өз аузымен жеткізген болатын.

-         Адамдардың жақындарының жағдайына бейжай қарап отырмағанына қуанамын. Әзірге 73 адам мектеп-интернатында тұрып жатыр. Бұл жерге жан-жақтан көмек келуде. «Аягөз-Болашақ»  қоры жұмыс істеп тұр. Мен бүгін таңертең өзімнің бір айлық еңбекақымды сол қордың есепшотына аудардым, - деді Д.Ахметов.

Қордан басқа облыстық мешіт тарапынан «Шығыстың асары» акциясы аясында да гуманитарлық көмек жиналуда. «Нұр Отан» партиясы да шет қалмауға тырысып, гуманитарлық көмек пунктін ашып, киім-кешек пен бұзылмайтын азық-түлік өнімдерін жинауда. Қалалық жастар  ресурстық орталығы да бұл іске өз үлестерін қосып жатқан көрінеді.  Аймақ басшысы сияқты бір айлық ақшасын қорға аудармаса да, халық  шет қалмай, шама-шарқынша көмегін жинап жатыр. 

Айта кетсек, Аягөз ғана емес, Ұлан, Глубокое және Күршім аудандарында да елді мекендерді су алу мәселесі ушығып тұр. Тіпті Өскеменнің өзінде су басып, көлкілдеп кеткен көшелері   ауа-райының суытуына байланысты мұз болып қатқан соң жағдай  қалпына келді. Әйтпесе қарды қырып, суды сорған техника табиғаттың дүлей күшіне төтеп бере алмай қалған болатын.

Комментарии (0)