Тәуелсіз Қазақстан – көп дінді мемлекет болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәуелсіздіктің 20 жылдығында Қазақстан аумағында жұмыс істейтін діни қауымдастықтардың саны жеті жүзден төрт жарым мыңға дейін өсті», — деп еліміздегі діни сенім бостандығының салтанат құрғандығын ерекше атап өткен болатын.

Ата заңымыз бойынша еліміз зайырлы мемлекет болып саналады. Елімізде өмір сүріп жатқан кез келген азаматтың сенім бостандығына шек қойылмаған. Соның нәтижесінде елімізде дінді танып білуге талпыныстар ұлғайып, дін рухани негізге айналды. 

Зайырлылықтың басты қағидаттары бойынша зайырлы мемлекетте діннің үстем болуына сонымен қатар дінді кемсітуге жол берілмейді. Дінді ұстану әр адамның өз құқығындағы мәселе болып қалады. Алайда зайырлылықты атеистікке теңеуге болмайды.

Қазақстан Республикасының Конституциясында дін мемлекеттен бөлінген делінбеген.  «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заңының 4-бабында «Діни бірлестіктер мемлекеттен бөлінген» деп айрықша атап көрсеткен. Ал Ата заңымыздың бірінші бабында Қазақстан «зайырлы» мемлекет деп жариялаған.

Сондықтан мемлекет діннің әр шаруасына араласпайды. Алайда дәстүрлі діндерді, адамдардың құқықтық сенім бостандығын, халықтың қауіпсіздігін, қадағалайды, әрі қауіпсіздікке жете мән береді. Мемлекет діни экстермизмге батыл қарсы тұрады. Конституцияның 22-бабындағы «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар», 14-бабындағы «дінге көзқарасына» байланысты «ешкімді кемсітуге болмайды» деген қағидаларына сәйкес мемлекет:

- азаматтардың дінге қатынасына, дін таңдауына, балаларының да дін таңдауына араласпайды;

- мемлекеттік органдардың жұмысын діни бірлестіктерге жүктемейді;

-  діни бірлестіктерді қаржыландырмайды;

-  діни бірлестіктердің жұмысына, егер ол заңға қайшы болмаса, араласпайды;

- әр түрлі  діндегі немесе дінге сенбейтін адамдардың, діни бірлестіктердің өзара сыйластықта, төзімділікте болуына ықпал етеді.

Ал діни бірлестіктер:

-  мемлекеттік биліктің қызметін атқармайды және мемлекеттік органдардың жұмысына араласпайды;

-  саяси партиялардың жұмысына қатыспайды, оларға қаржылай қолдау көрсетпейді;

Елімізде тіркелген діни бірлестіктер еліміздің заңдарына сәйкес мемлекеттің заңдарын сақтауға міндетті.

Даулет Қабидолдин

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» ЖШС

Комментарии (0)