Біздің облысымызда адамдармен қатар жануарларда да тіркелетін аса қауіпті аурудың бірі ол бруцеллез.

Эпидемиологиялық жағдайы.  Адамдардың ауру жұқтыру көзі бруцеллезбен ауырған ауыл шаруашылығы жануарлары болғандықтан, соңғы жылдары біздің облысымыздағы жануарлар арасында бруцеллездің тұрақсыз жағдайының қалыптасуына байланысты халықтың аурушаңдығы сақталып отыр.

Адамдардың аурушаңдығы жыл сайын орташа алғанда облыстың 12-15 аумағында тіркеледі.  2017 жылы адамдардың аурушандығы Абай, Аягөз, Бесқарағай, Глубокий, Жарма, Зайсан, Көкпекті, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Үржар, Шемонайха аудандары мен Семей, Өскемен, Риддер, Курчатов қалаларында тіркелді.

 

Өткізілген талдау жұмыстары мынаны көрсетті:

- бруцеллезбен ауырғандардың 88-94%-ы ауру жануарлармен байланыста болған ауылдық елді мекендердің тұрғындары болса, қалған 6-12%-ы - қала тұрғындары, бұлар негізінен  ауруды көше бойындағы ұйымдаспаған сауда орындарындағы белгісіз тұлғалардан сатып алынған ет, сүт өнімдерін тиісті термикалық өңдеуден өткізбей пайдаланғанда жұқтырған.

- ауырғандардың 70-75%-ы - жұмысқа қабілетті (20-49 жастағы) адамдар.

- 72-79% жағдайда еркектер ауырады, олар ауруды малды бағу, азық беру, төлдеу кезінде және көбінесе жеке бас гигиенасын сақтамағанда жұқтырады.

- облыстағы аурушаңдық малды бағуға байланысты болып отыр (ауырғандардың жалпы санының 80-85%-ын мал иелері құраса, қалғанын – туысқандарына, көршілеріне малды бағуға көмектескен, маусымдық жұмысқа немесе уақытша жалданған тұрақты жұмыс орны жоқ тұлғалар құрайды).

- адамдардың бруцеллезді жұқтыру көзі ұсақ мал - 58% жағдайда, ірі қара мал - 42%-да.

- бруцеллез ошақтарында байланыста болғандарды тексеру олардың арасынан ауырған адамдарды белсенді анықтауды қамтамасыз етеді (тіркелген ауру адамдардың жалпы санының 44%-на дейін).

- жыл сайын алдын алу мақсатында бруцеллез ауруына тиісті контингентті (малшылар мен олардың отбасы мүшелерін, сақманшыларды, ветеринарлық мамандарды және басқаларын) тексеруден өткізу де бруцеллезбен ауырғандарды анықтауды қамтамасыз етеді (тіркелген ауру адамдардың жалпы санының 1-2%-ы).

 

Бұл өзі қандай ауру?

            Бруцеллез жұқпалы ауру, оны ауру шақыратын ұсақ бруцелла бактериялары тудырады, соның салдарынан адам ұзақ уақыт еңбекке қабілеттілігін жоғалтады. Адамдар үшін жұқпа көзі тек ауру жануарлар болып табылады. Бруцеллез адамнан адамға жұқпайды. Бруцеллезбен барлық ауыл шаруашылығы жануарлары көбінесе қой-ешкілер, ірі қара мал, шошқалар ауырады. Адамға бруцеллез ауыратын қой мен ешкіден жұққанда ауру өте ауыр түрде өтеді. 

Ауру малдар әсіресе  іш тастағанда, төлдеу, бұзаулау, торайлау кезінде адамдарға қауіпті, өйткені жаңа туған төлдің шаранасы, сүті, малдың зәрі мен қиы арқылы бруцеллезді тудыратын бруцеллалар көп бөлінеді. Осы бөлінділер жұққан топырақта, суда, жемде, сондай-ақ сүт пен сүт өнімдерінде ауру қоздырғыштары ұзақ уақыт сақталады. Бруцеллалар жоғары температураға сезімтал. Сұйық ортада  60 градуста 30 мин., 80-85 градуста – 5 минут ішінде, ал қайнатқанда бірден өледі. Тікелей түскен күн сәулесінің әсерінен бруцеллалар 4-5 сағатта өледі, топырықта тіршілігін 100 күн, суда – 114 күн сақтайды. Қоздырушы азық-түлікте ұзақ уақыт сақталады. Төменгі температураға өте төзімді болады (қатырылған етте 5 ай, сүт өнімдерінде – 1,5 айға дейін сақталады).

            Адамдар ауырған малдарды баққанда қажетті сақтық шараларын сақтамаса, малдың қиы мен оның бөлінділерімен ластанған қолдары арқылы, шикі сүті мен сүзбе-ірімшігін пайдаланғанда жұқтырады. 

Ауру адамның ыстығы көтеріліп (37,5 С жоғары - 5 күн, кейде одан да артық), жалпы әлсіздік, тез шаршау,  бас ауру, ұйқы бұзылу, қалтырап тоңу, тершеңдік байқалады, буындары қақсап, бұлшық еттері, белі ауырады (пішіндері өзгереді). Осы белгілер біліне бастасымен дереу медициналық мекемеге барып, уақытында ем алу қажет. Емделмеген жағдайда ауру асқынады, нәтижесінде әйелдермен қатар еркектер де бала сүю қабілетінен айрылуы мүмкін, жүйке, тірек-қимыл және жүрек-қан тамыры жүйелерінің жұмысы бұзылып, ақыры  мүгедектікке әкеліп соғады.

Бруцеллез сирек жағдайда ғана өлімге душар етеді. Тіпті антибиотиктер пайда болғанға дейін өлім екі пайыздан артпаған. Бірақ бруцеллез жиі мүгедектікпен аяқталады: әсіресе уақытында емделмеген кезде 37-80% жағдайда созылмалы түріне көшеді. Сондықтан, жоғарыда аталған белгілер байқалған жағдайда міндетті түрде тұрғылықты орны бойынша тиісті тексеруден өтіп, ем қабылдау керек.

 

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде дегендей бруцеллездің алдын алудың негізгі қағидалары:

1. Малды қарағанда резіңке етіктер, қолғаптар, арнайы халаттар киіп, алжапқыштар, бас орамалдар тағу қажет, оларды басқа киімдерден бөлек жуып, залалсыздандырады, жұмыстар біткеннен кейін қолды мұқият жуу керек.

2. Мал қораны  малдың қи тезегінен тазалау қажет, өйткені  бруцеллез қоздырғышы жарты жыл көлемінде сақталады, міндетті түрде Қазақстан Республикасында рұқсат етілген құралдармен профилактикалық дезинфекция жасау керек.

3. Мал іш тастаса немесе ауру мал анықталса ошақтағы барлық іс-шаралар ветеринария саласындағы қолданыстағы нормативтік актілерге сәйкес  ветеринарлық қызмет маманының бақылауымен жүргізіледі.

4. Көшеден сүт, кілегей, кәуап, ет сатып алмаған жөн, себебі бұл өнімдерді базарлардан алуға болады, онда олар арнайы ветеринарлық бақылаудан өтеді.

5. Тамаққа пайдаланылатын ет, сүт өнімдерін міндетті түрде жеткілікті термикалық өңдеуден өткізу қажет (сүтті – қайнатқаннан кейін, етті – бөлшектеп, 3 сағат асқаннан кейін (етті бөлгенде қолғап кию керек)).

Құрметті облыс тұрғындары!

Бұл қарапайым ережелерді қатаң сақтаған жағдайда ғана, Сіз бруцеллез індетінен өзіңізді және өз отбасыңызды сақтай аласыз.

Г. Тагаева, заместитель руководителя ДООЗ ВКО