Өзіңді күт! Бізге осы сөзді аналарымыз айтады. Бізге осы сөзді құрбыларымыз айтады. Бізге осы сөзді күйеулеріміз айтады. Бірақ қалай күту керектігін ешкім айтпайды! 

Анамыз:

-         Күйеуіңе керек жоқ боп қаласың. Тамақты дұрыстап жеп-іш. Әйтпесе қатып қаласың. Қымбат киім ғана керек деп жүріп, түк алмай қаласың. Арзан да болса, ауыстырып киетін киім алсаңшы. Ылғи бір киіммен жүре бермей. Күйеуің  қандай жақсы киінеді. Сен де соған сай болып жүруің керек.

Күйеуіміз:

-         Өзіңе неге қарамайсың! Қарның шығып кеткен. Елдің қатындарын қарашы, сыланып-сипанып тұрады. Қашан көрсең, бойынан бір мін таппайсың! Ана жолы ақша бердім, өзіңе киім алудың орнына тағы да үйге анау-мынау керек деп ұстап қойдың.

Құрбымыз:

-         Зарплата алған сайын өзіңе бірдеңе сатып ал! Шашыңды қиып, маникюрге барсайшы. Балаларға тарта бермей... өзіңе қарамасаң, ертең ешкімге керек емессің! Өзіңді күту керек. Кафеге, киноға барайық...

Сізге ақыл  айтқыштар көп. Әркім өзінше айтады. Әрине, жақсылық ойлайтын болуы керек. Бірақ өзіңді күтудің жан-дүниеңнен басталатынын ұмытпаңыз. Сыртын сылап қояса да, іргетасы құлаған үйде тұру мүмкін емес. Жан-дүниеңіз жай таппаса, бет-аузыңызды бояғаннан әдемі болып кетпейсіз. Себебі ішкі сезімдеріңіз көзіңізден көрініп тұрады. Сондықтан, келесі жолы біреу «өзіңді  күт» деп айтса,  дүкенге не болмаса кафеге жүгірмей-ақ қойыңыз. Оның орнына келесі істермен айналысуға кеңес береміз:

-         Жақсы кітап оқыңыз. Көркем әдебиет болсын.

-         Мұражайға немесе картиналар көрмесіне барыңыз.

-         Дене жаттығуларымен айналысыңыз. Ол адамды сергітеді.

-         Тәтті-дәмдіні кафеден іздемей-ақ, үйде отырып та жақсылап шәй ішуге болады. Шәйға өзіңізге ұнайтын біреуді шақырсаңыз, әңгімелсіп, жадырап қаласыз.

-         Жақсылап тұрып ванна қабылдаңыз. Ваннаңызға түрлі қоспалар қосуға болады.

-         Өзіңіз бала күні әуестеніп, кейіннен ұмыт қалдырған өнер түрімен айналысыңыз.

-         Табиғат аясына шығып, серуендеңіз. Өзіңіз ұнататын музыканы қосып, әндетіңіз.

 Көзіңіз жылтылдап, іштен нұрлансаңыз, сізден әдемі адам жоқ!

Комментарии (0)